Қостанайда үстел теннисі орталығының ашылуы жоспарда

04.12.2023

Қостанайда, "Береке" шағын ауданында жақын арада үстел теннисі орталығын салу жоспарлануда. Екі қабатты нысанның жалпы ауданы 2600 ш.м., онда көрермендер трибуналары, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар мен төрешілер бөлмелері, медициналық кабинет, кеңсе қарастырылған. Төбенің биіктігі 7,5 метр. Залда 12 үстел орнатылады.

Қостанай республиканың теннис аймағы болып саналады: Қазақстанның ашық командалық чемпионатында "Шолақ-Терек" және "Allur" сәтті өнер көрсетуде. Алина Дубровская (Борисюк) - аралас разрядта 2020 ж., 2021 ж. ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылғы еліміздің жастар чемпионатында жұптық разрядта III - ші орын. Айдын Алмағамбетов пен Тамерлан Балташ - 2007 жылы туған спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатының командалық есебінде және жұптық разрядта қола жүлдегерлер атанған. 10 жастағы Жания Бекмұхамбетова - 2012 жылы туған спортшылар арасында ҚР чемпионы, "WTT Youth Contender Almaty" өкілді турнирінің қола жүлдегері. Данияр Ескендіров, Қанат Конкубаев XVIII Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегерлері.


Талап Қойбағаров