Кириллге чемпиондар кедергі емес

18.02.2024

Пусандағы үстел теннисінен әлем чемпионатында жарыстың финалдық бөліміне шығу үшін кіші топтардағы матчтар жалғасуда. Бүгін Қазақстанның ерлер құрамасы өте мықты қарсыласпен кездесті - Олимпиада ойындарын қоса алғанда, барлық ірі турнирлерде медальдар жеңіп келген Германия командасы. Біздің үмітіміз Кирилл Герасименкомен байланысты болды және ол біздің үмітімізді ақтады.

Алдымен ол - Әлем Кубогының иегері, Олимпиада Ойындарының алты дүркін жүлдегері, Әлем және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, әлемнің экс-бірінші ракеткасы Дмитрий Овчаровтың өзін 3:1 есебімен сенімді түрде жеңді.

Содан кейін, 0:2 есебімен жеңіліп жатып, командадағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, үш дүркін Еуропа чемпионы, екі дүркін Еуропа Ойындарының чемпионы Цю Данға қарсы ерік-жігерлі жеңісті рәсімдей алды. Иә, мұндай жеңістер қазақстандық жанкүйерлердің жадында ұзақ сақталады.


Ерлер, Қазақстан-Германия 2:3.


Алан Құрманғалиев - Цю Дан 0:3;

Кирилл Герасименко - Дмитрий Овчаров 3:1;

Айдос Кенжеғұлов - Патрик Франциска 0:3;

Кирилл Герасименко - Цю Дан 3:2;

Алан Құрманғалиев - Дмитрий Овчаров 0:3.


Әйелдер, Қазақстан-Австрия 0:3.


Зәуреш Ақашева - София Полканова 0:3 (екі дүркін Еуропа чемпионы);

Сарвиноз Мирқадірова – Лю Цзя 0:3 (Еуропа чемпионы, алты Олимпиада Ойындарының қатысушысы);

Анастасия Лаврова - Каролина Мишек 1:3.


Талап Қойбағаров, Пусан қ. (Корея)