Кирилл Герасименко Ташкенттегі лицензиялық турнирде топтық кезеңнен сүрінбей өтті

18.05.2024

Кирилл Герасименко Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан үстел теннисінен Орталық Азия елдерінің олимпиадалық іріктеу турнирінде екінші жеңісіне қол жеткізді. Топтық кезеңдегі екінші ойында қазақстандық спортшы Қырғызстан өкілі Азамат Эргешевтен (4:0) басым түсті. Осылайша, Герасименко топ жеңімпазы ретінде жарыс жолын бірден жартылай финалдан жалғастырады. Бұнда аталмыш доданың чемпионы ғана Олимпиада лицензиясын иеленеді. Ерлер арасында Парижге баратын жолдаманы бес елден (Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қазақстан) спортшылар сарапқа салуда. Турнир 19 мамырда аяқталады.