Данияр Әбілғазин Азия үстел теннисі Одағының Вице-президенті болып сайланды

04.10.2021

Қазақстан Үстел теннисі Федерациясының президенті Данияр Әбілғазин ATTU Азия үстел теннисі одағының вице-президенті болып сайланды. Қазақстан ұлттық федерациясы басшысының Орталық Азия бойынша өңірлік вице-президент лауазымына кандидатурасын ATTU Конгресі отырысының қатысушылары бірауыздан қолдады.

Әріптестер Қазақстанда үстел теннисінің соңғы жылдары қарқынды дамуын, өткізілген халықаралық турнирлердің жоғары деңгейін және бүкіл ел бойынша инфрақұрылымның дамуын атап өтті. Жақында үстел теннисінің жаңа орталығы "ITTF Kazakhstan International Open 2021" бірінші халықаралық турнирін өткізді, ал 2017 жылдың соңында елордада Халықаралық федерацияның маңызды турнирлерінің бірі - ITTF World Tour Grand Finals әлемдік турының финалдық кезеңі өтті. Бұл турнирлерді ұйымдастырудың жоғары деңгейін барлық қатысушылар, сондай-ақ ITTF өкілдері атап өтті.

"Біздің елімізде үстел теннисін дамыту Азия және Халықаралық федерациялардағы әріптестеріміздің назарынан тыс қалған жоқ, сондықтан Қазақстан федерациясының президентін Азия Одағының өңірлік вице-президенті лауазымына сайлау заңды деп санаймыз. Халықаралық байланыстарды нығайту біздің басымдықтарымыздың бірі болып табылады және осы бағыт шеңберінде біз төрешілер корпусының, жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттырып, материалдық-техникалық базаны жақсарту жөніндегі жұмысымызды жалғастырамыз", - деп атап өтті Қазақстан Үстел теннисі Федерациясының бас хатшысы Данил Пак.

Сонымен қатар, Конгресте Азия үстел теннисі одағының жаңа президенті сайланды, ол Катар үстел теннисі қауымдастығының басшысы Халил Әл-Моханнади болды.

Дохадағы Конгресс ATTU-2021 Азия чемпионаты аясында өтуде.