Қазақстандық үстел теннисі Федерациясы Қытайдағы форумда Азия чемпионатын таныстырды

29.03.2024

Пекинде (ҚХР) 28-29 наурыз аралығында Қытайдағы Қазақстан туризм Жылының ашылуы аясында туризмді және инвестицияларды дамыту бойынша форум өтті. Оған Қазақстандық үстел теннисі Федерациясы қатысты. Делегация құрамына Федерацияның Бас хатшысы Данил Пак, Атқарушы директор Данияр Ахметов, сондай-ақ спорт директоры Нұрсұлтан Беков кірді.

Өңірлердің ауқымды көрмесінің жұмысы кезінде стенд ұсынылды, онда Қазақстан федерациясы Астанада өтетін үстел теннисінен Азия чемпионатын кең аудитория үшін таныстырды. Тұсаукесерге перспективалы турларға маманданған Қытайдың туристік компаниялары үлкен қызығушылық танытты. Атап айтқанда, турфирмалардың өкілдері форумның B2В сессиясы кезінде Азия чемпионаты барысында жанкүйерлер мен туристердің болуы үшін жасалатын жағдайлардың жоғары деңгейін атап өтті.

ҚХР үстел теннисінде әлемдік көшбасшы болып табылады. Осы елден келген спортшылардың қатысуымен өтетін әрбір турнир жанкүйерлердің қызығушылығын арттырады.

Осыған сүйене отырып, құрлықтық біріншілікті өткізу кезеңінде Қытайдан келген үстел теннисі жанкүйерлеріне әуе сапарлары, қонақүйлерде орналастыру, чемпионат матчтарына түрлі сыныптағы билеттер, қолтаңба және фотосессияларға қатысу, Астана бойынша экскурсиялар және т.б. қамтитын арнайы пакеттердің үш түрі ұсынылатын болады.

Қытайлық туристік фирмалар бұл бастаманы қолдап, бағдарламаны іске асыру мүмкіндіктерін талқылауға дайын екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, Құрлықтық біріншілік Астана қаласында 2024 жылғы 6-13 қазан аралығында өтеді және 2025 жылы Доха қаласында (Катар) өтетін жеке әлем чемпионатына іріктеу турнирі болып табылады.