Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасымен кездесті

02.07.2021

Мемлекет басшысы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшелерімен кездесті.

Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Президент Олимпиадаға баратын спортшылардың алдында сөйлеген сөзінде әлемнің басты спорт бәсекесінде ел намысын қорғау мәртебелі міндет, үлкен абырой, зор жауапкершілік екенін айтты.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында Қазақстаннан Олимпиаданың 16 жеңімпазы, 71 жүлдегері шыққанын, жүзден астам ірі спорт кешені, оның ішінде,16 халықаралық деңгейдегі нысандар бой көтергенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев аса күрделі кезеңде Токиода жағылатын Олимпиада алауы бүкіл адамзат үшін жаһандық індетпен күрестің символы болатынын айтты. Президент әлемнің түгелге жуық елінде ұзаққа созылған локдаунның қалыпты тыныс-тіршілікке ауыр соққы жасағанына тоқталды.

– Сіздер халықаралық деңгейдегі өздеріңіздің көшбасшылық орындарыңызды нығайту үшін нағыз чемпионға тән мінез көрсетіп, Олимпиада лицензиясын иелендіңіздер. Осындай қиын-қыстау жағдайда сіздер спорттың өзін-өзі шектейтін қатаң режимін сақтап, өзгелерге үлгі көрсеттіңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады.