Виктория Мочалкина: "Финалға шыққаныма қуаныштымын"

20.08.2022

Павлодардағы "Jenimpaz" үстел теннисі орталығында 2004 ж.т. және одан кіші спортшылар арасында Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Бүгін финалистер мен қола медальға үміткерлер анықталды. Қыздар арасында 13 жасар Виктория Мочалкина (Қарағанды) жартылай финалда спорт шебері Александра Смирнованы (Қарағанды) жеңіп, бірінші орын үшін матчта халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сарвиноз Мирқадіровамен (Шымкент) ойнайды.

Виктория Мочалкина: "Финалға шыққаныма қуаныштымын. Жарыста алғаш рет Александра Смирнованы жеңе алдым. Матч оңай болған жоқ, бірақ тәжірибелі теннисшіге лайықты қарсылық көрсете алатыныма сенімді болдым".

Сарвиноз Мирқадірова: "Виктория финалға өтеді деп ешкім күткен жоқ - бұл спорт және ол осындай сенсациялармен қызықты. Мен жас қарсыласыма құрметпен қараймын, Викторияны лайықты қарсылас деп ойлаймын".

Үшінші орын үшін Малика Сандыбаева (Нұр-Сұлтан) - Александра Смирнова (Қарағанды) және Дарья Фу - Жанерке Көшкімбаева (екеуі де Қарағанды) ойнайды.

Ұлдар арасында кезекті финалға Алан Құрманғалиев (Қарағанды) шықты, онда оған Тимофей Герасименко (Нұр-Сұлтан) қарсылас болады. Чемпионаттың қола жүлдесіне Темірлан Ким - Әмір Торғайбеков (екеуі де Қарағанды), Абдұлла Мамай (Түркістан) - Дамир Сәрсенбай (Алматы) таласады.


Талап Қойбағаров