Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Төрағасы міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 226 бұйрығымен "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы" атағы Евгений Тимченкоға берілді. Ол КСРО спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы ел құрамасының аға жаттықтырушысы, жаттықтырушы өтілі 32 жыл.
2016
жылы ITTF-тың (Халықаралық үстел теннисі Федерациясы) білім беру және оқыту бөлімі
алғаш рет "Мentoring" ("Тәлімгерлік") пилоттық бағдарламасын
ұйымдастырды және ұлттық құрамалардың 175 жаттықтырушысының арасында апталық
жиыннан өту үшін тек 2 маманды ғана таңдады - бұлар Паринья Нонсагатэ
(Малайзия) және Евгений Тимченко (Қазақстан). Евгений Анатольевич Австрияда Вернер
Шлагердің атақты Академиясында Германия құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы, Тим
Болдың тәлімгері, Дирк Вагнердің жеке басшылығымен тағылымдамадан өткен болатын. Бұл бағдарламаның мақсаты –
келешегі бар жаттықтырушыларға жаңа білім мен дағдыларды алу үшін халықаралық
деңгейдегі сарапшылармен танысуға мүмкіндік беру болып табылады. Евгений Тимченко әлемнің жетекші
ойыншыларының, атап айтқанда Австрия (2016 жылғы командалық есептегі Еуропа
чемпиондары), Португалия (2014 жылғы командалық есептегі Еуропа чемпиондары) құрамасының
жаттығу барысын бақылап, содан кейін Дирк Вагнермен бірге әлемдік рейтингтің алғашқы
"жиырмасына" кіретін спортшылардың ойынын, олардың техникасы мен
тактикасын егжей-тегжейлі талдады. Азия, Еуропа, Әлем чемпионаттары, Олимпиада ойындары сияқты маңызды
турнирлерге теннисшілерді дайындаудың Азия және еуропалық жүйелеріндегі
айырмашылықтарды талқылады.
ITTF
білім беру және оқыту бөлімінің қазақстандық маманды таңдауы кездейсоқ емес:
Евгений Тимченконың басшылығымен 2007 жылы Марина Шумакова, ал 2016 жылы Кирилл
Герасименко Олимпиадалық лицензияларды жеңіп алған болатын.
Талап Қойбағаров