Самат Бейсенов: "Біз стартқа жақсы спорттық күйде келуге дайындалып жатырмыз"

21.07.2023

25-28 шілде аралығында Алматыда үстел теннисінен "WTT YOUTH CONTENDER ALMATY" Халықаралық жасөспірімдер турнирі өтеді. Қысқа сұхбатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Самат Бейсенов осы стартқа дайындық пен команданың мүмкіндіктері туралы айтты.

"Қазіргі уақытта біздің жасөспірімдер мен кадеттер құрамалары Азия чемпионатына қатысуда, қалған балалар Алматыдағы "ADD USTEL TENNIS ORTALYGY" үстел теннисі орталығының базасында оқу-жаттығу жиынынан өтуде. Біз стартқа жақсы спорттық күйде келуге дайындалып жатырмыз.

Біздің құраманың мүмкіндігі жаман емес. Ұлдар арасында, әрине, U17, U19 жас санаттарындағы Алан Құрманғалиевке және қыздар арасында U19-да Сарвиноз Мирқадіроваға сенім артамыз. Кадеттер арасындағы көшбасшылар - Айназ Әділгереева (U13), Мария Лукьянова (U13), Абай Жұмағұл (U11), Жания Бекмұхамбетова (U11). Әрине, біз бүкіл құрамадан жақсы ойын мен сәтті өнер көрсетуді күтеміз. Біздің спортты кейде болжау мүмкін емес, әркімнің жеңіс пен сәттілікке тең мүмкіндігі бар. Дәл осы турнирде қазақстандық үстел теннисінің жаңа жұлдыздары жанып, әлемдік деңгейдегі болашақ чемпиондардың есімдерін танитын болуымыз әбден мүмкін.

Негізгі қарсыластар туралы - азиялықтар өте күшті, олар Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Иран, еуропалықтар арасында: Бельгия, Италия.

Бұл турнирдің маңыздылығы біз үшін өте жоғары. Осындай ауқымды халықаралық турнирді өткізу біздің сүйікті спорт түрінің дамуына және танымал болуына серпін береді. Бұл ТМД елдерінің аумағындағы Халықаралық үстел теннисі федерациясының жалғыз рейтингтік турнирі екенін атап өткен жөн. Бұл турнирді өткізу біздің теннисшілерімізге өз әлемдік рейтингтерін арттыруға, жақын және алыс шетелдердің жетекші ойыншыларымен бәсекелесе отырып, қажетті халықаралық тәжірибе алуға тамаша мүмкіндік береді", - деді аға жаттықтырушы.

Естеріңізге сала кетейік, турнирге әлемнің 13 елінен 159 спортшы қатысады. Жарыс медальдары үшін спортшылар бес жас санатында бақ сынайды: 11,13,15,17 және 19 жас.