Кубоктағы тартыстар

20.10.2019

20 қазанда Түркістанда үстел теннисінен ерлер мен әйелдер құрамалары арасында Қазақстан Кубогының иегерлері анықталады. Екі күннен кейін Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының спортшылары, Шымкент және Қарағанды облысының теннисшілері бірде-бір жеңіліске ұшыраған жоқ, олар өздерінің армандаған олжаларына жақындауда. Шығысқазақстандықтардың капитаны, тәжірибелі спорт шебері Денис Жолудев оптимизмге толы және ол Түркістанға кубок үшін келді: "Біз бес матч өткізіп, бес рет жеңіске жеттік. Бізде тату команда бар: Сағантай Құрмамбаев, Сергей Коновалов мықты, келешегі бар теннисшілер және олармен бірге мен соңғы оң нәтижеге сенімдімін".

Биылғы Қазақстан Кубогында қарағандылықтар құрамындағы 12 жасар Алан Құрманғалиев тамаша ойын көрсетіп отыр, ол әдемі стильде еліміздің жастар құрама командасының көшбасшыларының бірі Шымкенттік 18 жастағы Бакдәулет Әкімәлиді жеңе білді.

Алан Құрманғалиев: "Біздің қарсыластығымызда көбінесе Бақдәулет жеңіске жететін. Ол өте күшті қорғаушы және одан өту өте қиын. Мен өткен қателіктерді ескердім, жинақы ойнадым, шабуылға сенімді шығып, нысанаға дәл тигізіп отырдым. Біздің кездесулердегі есепті қысқарта алғаныма қуаныштымын".


Бақдәулет Әкімәли: "Неге ұтылдым? Шамасы, Аланның жеңіске деген құштарлығы менен көп болған шығар. Ол дарынды бала, тез дамып және ойын сапасын жақсартып келе жатыр, физикалық тұрғыда күшейген, ол лайықты жеңіске жетті".



Талап Қойбағаров