Күштілерді іріктедік

22.12.2018

2019 жылдың қаңтар айының 5 мен 10 аралығында Бішкекте (Қырғызстан) үстел теннисінен «Regional Hopes Week Central Asia» турнирі өтеді, оған Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан 10-11 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар қатысады. Естеріңізге салсақ (ITTF) Халықаралық үстел теннисі Федерациясы әлемнің түкпір-түкпірінде таланттарды анықтау және де оларға әрі қарай қолдау көрсету мақсатында үлкен жұмыстар жасауда. «Hopes Week» аймақтық турнирлерінде күштілерді анықтайды және олар бір жылдың ішінде өздерінің тәлімгерлерімен ITTF есебінен 12 беделді турнирлерге және бірлескен халықаралық жиындарға қатыса алады.

Бүгін біздің республикамыздың атынан Қырғызстанның астанасына кім баратыны белгілі болды. Іріктеу жарыстарынан кейін «Regional Hopes Week Central Asia» турниріне жолдамаларды Алан Құрманғалиев (1 орын, Қарағанды), Рамазан Нәзір (2 орын, Түркістан облысы), Алиса Цвигун (1 орын, Астана) және Виктория Мочалкина (2 орын, Қарағанды) жеңіп алды. Құттықтаймыз!




Талап Қойбағаров