Іле Алатаудың баурайында үстел теннисінен Қазақстанның жасөспірімдер, жастар, ұлттық құрамаларының мүшелері жаттығу турнирін өткізіп, 24 күндік жиынды аяқтады. Кирилл Герасименконы қоспағанда, елдің барлық мықты спортшылары жарыстарды сағынып, көтеріңкі көңіл-күймен он бір ойын үстелі маңында шайқасты. Ерлер, әйелдер, ұлдар, қыздар - барлығы бір жегінде болды және бір-біріне қарсы ойнады. Денис Жолудев, Дастан Кенжеғұлов, Зәуреш Ақашева, Бақдәулет Әкімәли, Анастасия Лаврова, Ырысбек Артұқметов сынды тәжірибелі теннисшілерді артта қалдырып, 13 жасар спорт шебері Алан Құрманғалиев (суретте) чемпион атанды. Әлемдік "Hopes Week" қорытындысы бойынша 2019 жылдың үздік жас теннисшісі күн сайын емес, сағат сайын алға жылжуда.
Оқу-жаттығу
жиынын Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Эльмира Әлиева қорытындылады: "Ақ бұлақтағы" арнайы
физикалық және техникалық-тактикалық дайындық жиынына Нұр-Сұлтан, Алматы,
Шымкент, Қарағанды, Орал, Қостанай, Ақтөбе, Ақтау, Шығыс Қазақстан, Павлодар және
Түркістан облыстарынан 30 теннисші қатысты. Карантинге
байланысты ұзақ үзілістен кейін спортшылар ОЖЖ-ға түрлі дене дайындықтарымен
келді, ал оның аяқталуына қарай барлығы да спорттық күйлерін жақсартты, ОЖЖ-ның
негізгі мақсаты болып табылатын ойын шеберліктерін жетілдірді. Тәлімгерлер мен теннисшілердің атынан оқу-жаттығу жиынын жақсы ұйымдастырғандары
үшін Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитетіне, республикалық үстел теннисі Федерациясына
алғыс айтқым келеді. Енді біз індеттің аяқталуын және чемпионаттарға,
турнирлерге, жарыстарға баруды асыға күтеміз".
Талап Қойбағаров