Финалдық тур жеңімпазды анықтайды

25.10.2021

Қарағандыда үстел теннисінен Қазақстан ашық командалық чемпионатының III туры аяқталды. Елордалық "Астана" спортшылары Суперлигада жеңіліссіз 9 ойын өткізіп, желтоқсан айында өтетін ақтық IV турдың алдында көшбасшылықты иеленді. Екінші орында "Sigma" (Шымкент), үшінші орында "Greenwill" (Ақтөбе), одан кейін "Қарағанды", "Қазаэронавигация" (Нұр-Сұлтан), Шолақ-Терек (Қостанай облысы), "Қарағанды-2", "Масаншы Жолбарыстары" (Жамбыл облысы), СК Хван Ман-Гым (Өзбекстан), "Жетісу" (Алматы облысы).

Жоғары лигада мүмкін болған 14 ұпайдан 14 ұпайды "Sigma Shymkent" (Шымкент) және "Павлодар" клубтары жинады. 13 ұпайдан "Alga Express" (Алматы), "Қарағанды-3", 12 ұпайдан "Ардагер" (Алматы), "Риха" (Қырғызстан), "PRO100" (Алматы) - олар 2022 маусымының Суперлигасына жолдама үшін күресті жалғастыруда. Қалған 16 клуб ел чемпионатының мықты дивизионына шығу мүмкіндігін жоғалтты.

Суретте: "Sigma Shymkent" (Шымкент) клубының намысын сенімді түрде қорғайтын ресейлік Валерия Коцур - "2021 ITTF Kazakhstan International Open" I-ші халықаралық турнирінің үш алтын медаль иегері.

Талап Қойбағаров