Белгілі Суперлига басталды

29.09.2018

Талдықорғанда Суперлиганың ерлер командалары арасындағы үстел теннисінен Қазақстан Республикасының Ашық чемпионатының үшінші туры басталды. Жетісу спорттық алаңында «Астана», «Жетісу» (Алматы облысы), «Шолақ Терек» (Қостанай облысы), «Масанчы» (Жамбыл облысы), «Азия Микс» (Қырғызстан), «Хван Ман Гым» (Өзбекстан») және «Қостанай» өз өнерлерін көрсетуде. Тур қожайындары (Тимур Келбұғанов, Денис Жолудев, Александр Герасименко) жарысты сенімді түрде бастап 4:0, 4:1 есебімен «Қостанай», «Масанчы» командаларынан басым түсті. Олардың басты қарсыластары «Астана» теннисшілері де «Азия Микс» 4:0 және «Қостанайдан» 4:1 есебімен басым түсіп, жарысты екі сенімді жеңіспен бастады. Елордалық клубта көшбасшылық ұстанымын ресейліктер Павел Лукьянов, Андрей Байбулдин, Дамир Мутыгуллин бекітті және олар «Астананы» 2018 жылдың маусымдық чемпиондығына әкеле жатыр. Талдықорғанда паралимпиядаға қатысушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының командалық есептегі қола жүлдегері Павел Лукьянов және спорт шебері, Ресей Кубогының және чемпионатының жүлдегері Андрей Байбулдин ойнайды. Бұл екі клубтың қарсыластығының түпкі нәтижесінде алтын медаль иегері анықталады.

«Астана» және «Жетісу» командаларымен бірге «Шолақ Терек» ойыншылары Арслан Тлеубаев, Эльмурод Халиков және Владислав Захаров бұл күнді жеңіліс таппай өткізді.





Талап Қойбағаров