Қазақстанның үстел теннисі федерациясы өңірлердің жаттықтырушыларына арналған стипендиялық бағдарлама құрды

12.05.2022

Қазақстан Үстел теннисі федерациясының басшысы Данияр Әбілғазин ел бапкерлері үшін шәкіртақы бағдарламасын белгіледі. Федерация президентінің жеке қаражаты есебінен ай сайынғы стипендияларды еліміздің барлық өңірлерінен және Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 20 маман алатын болады. Бағдарламаны іске асыру үшін 30 миллион теңге бөлінеді.

"Бұл жыл біздің Федерацияда"жаттықтырушы жылы" деп жарияланды. Жаттықтырушы-оқытушылар құрамын жақсарту жөніндегі жұмыс әлдеқайда ертерек басталғанына қарамастан, 2022 жылы біз бұған өңірлік өкілдіктердің де назарын аударғымыз келеді. Бірнеше жылдан бері спорт инфрақұрылымын дамыту үшін өңірлер мен қалалар әкімдіктерімен белсенді жұмыс істеп келеміз.

Олардың көмегімен және демеушілік қаражат есебінен Қарағанды, Тараз, Павлодар, Алматы және Өскеменде үстел теннисінің заманауи Орталықтары ашылды, биыл мұндай кешендер Ақтөбе мен Шымкентте пайда болады. Біздің спорт түріне балалар мен ересектер арасында қызығушылық жылдан-жылға артып келеді, сондықтан жаттықтырушылар штатын белсенді түрде дамыту қажет. Біз Федерация тарапынан болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде қосымша мотивация ұсына отырып, жергілікті мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер жасаймыз", - деді Д.Әбілғазин.

Осы жылы Федерация жергілікті мамандар есебінен өңірлерде салынған Орталықтар үшін жаттықтырушылар құрамын ұлғайтуды көздеп отыр, оларды халықаралық сарапшылардың қатысуымен және Халықаралық үстел теннисі федерациясының көмегімен оқытпақшы. Оқыту семинарлары, шеберлік сыныптары жақында ашылған "CNPC - ҚР Үстел теннисі федерациясы" үстел теннисі академиясының базасында өткізілетін болады, оған Қытайдан жоғары білікті жаттықтырушы шақырылды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 220 жаттықтырушы жұмыс істейді, олар 8000-нан астам спортшымен тұрақты негізде айналысады. Федерацияның мәліметінше, елімізде үстел теннисімен жүйелі түрде 200 мыңға жуық адам айналысады.