Қазақстан 13-18 қыркүйек аралығында Алматыдағы жаңа "ADD" үстел теннисі орталығында өтетін үстел теннисінен беделді "WTT Contender Almaty" халықаралық турнирін қабылдайды.
Оған әлемнің 28 елінен 140 атлет қатысады. Қазақстан алғаш
рет жүлде қоры 75 мың USD құрайтын Contender сериясының әлемдік деңгейдегі
турнирін қабылдайтын болады.
"Қазақстан Үстел теннисі федерациясы әрдайым Халықаралық федерация қамқорлығымен
беделді турнирлерді ұйымдастыру бойынша ұзақ мерзімді ниеттері туралы мәлімдеген
болатын. Бұл біздің еліміздегі үстел теннисі бойынша алғашқы халықаралық оқиға
емес. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің ең мықты спортшыларының қатысуымен
"ITTF World Tour Grand Finals" халықаралық турнирі өткізілген болатын.
Өткен жылы біз "ITTF International Kazakhstan Open" халықаралық
турнирін өткіздік, онда біздің спортшылар өздерін жақсы көрсетті. Бұл турнир қазақстандық
спортшыларға өз аумағында беделді халықаралық турнирге қатысуға бірегей мүмкіндік
береді. Біз Халықаралық федерация көрсеткен сенімді жоғары бағалаймыз және бұл
турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Ұлттық үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.
Турнирге әлемдік үстел теннисінің атақты жұлдыздары, оның
ішінде Олимпиада Ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері және Әлем Кубогының жеңімпазы
Дмитрий Овчаров (Германия), Олимпиада Ойындарының қола жүлдегері Линь Юньжу (Қытайдың
Тайбэйі), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Маттиас Фальк (Швеция), Еуропа
чемпионы, Олимпиада Ойындарының қола жүлдегері Данг Цю (Германия), Әлем
чемпионатының қола жүлдегері Ан Джэ-хён (Оңтүстік Корея) және басқалар қатысады.
ITTF және WTT ережелеріне сәйкес, аталған турнирде Қазақстанның
атынан 11 ер спортшы және 11 әйел спортшы қатысатын болады, олардың ішінде құраманың
көшбасшысы, Рио-2016, Токио-2020 Олимпиада Ойындарының қатысушысы және көптеген
халықаралық турнирлердің жеңімпазы Кирилл
Герасименко, сондай-ақ халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері,
жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Алан Құрманғалиев бар.
Турнирді тікелей эфирде "QAZSPORT" телеарнасы
мен ITTF Халықаралық федерациясының ресми сайты көрсетеді.
Қазақстанның үстел теннисі Федерациясы турнирді ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Ұлттық Олимпиада Комитетіне, Спортты дамыту дирекциясына және Алматы қаласының әкімдігіне алғыс білдіреді. Сондай-ақ бас демеуші - Самұрық - Қазына, "Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры", "ADD Capital", "PTC Holding", "Qazaq Oil", "Қазақмыс корпорациясы", "Sulpak", "Halyk bank" демеушілеріне және турнирдің ақпараттық серіктесі - "QAZSPORT"телеарнасына алғыс білдіреді.