Қазақстан үстел теннисі Федерациясының президенті Анастасия Лаврова мен оның жеке жаттықтырушысын олимпиадалық лицензияны жеңіп алғандары үшін марапаттады

31.03.2021

Қазақстан үстел теннисі Федерациясының басшысы Данияр Әбілғазин Токиодағы Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған Анастасия Лаврованың жеке жаттықтырушысы Геннадий Герасименкомен кездесті.

Ұлттық Федерацияның президенті екеуін де Дохадағы (Катар) біліктілік іріктеу турнирінде табысты өнер көрсетуімен құттықтап, Лавроваға 5 миллион, ал жеке жаттықтырушыға 3 миллион теңге сомасындағы сертификаттарды табыс етті. Айта кетейік, сыйлықтар Қазақстан үстел теннисі Федерациясы президентінің жеке қаражатынан бөлінді.

"Бұл біздің бүкіл үстел теннисі отбасымыз үшін үлкен оқиға және бүкіл команданың ұзақ және қажырлы еңбектерінің нәтижесі. Кейбір спорт түрлері бойынша біліктілік турнирлері тоқтатылғанын немесе қысқарғанын ескерсек, бұл жолдаманың бағасы өте маңызды. Қазір ең бастысы - негізгі жарыстарға оңтайлы түрде келу үшін сапалы және қауіпсіз дайындықты қамтамасыз ету болып табылады", - деп атап өтті Данияр Әбілғазин.

Естеріңізге сала кетейік, Дохада (Катар) өткен үстел теннисінен Орта Азия өңірінің біліктілік іріктеу турнирінде қазақстандық спортшы Анастасия Лаврова осы спорт түрінен еліміз үшін алғашқы лицензияны жеңіп алған болатын. Іріктеу турнирінің ережелеріне сәйкес, жарыста Олимпиадаға екі лицензия ойнатылды. Біреуі ерлерге, екіншісі әйелдерге.