Қазақстан Президенті Қарағандыда үстел теннисі орталығын салтанатты түрде ашты

24.11.2020

Бүгін Қарағандыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Saryarka" үстел теннисі орталығын ашты.

Орталық ең үздік әлемдік стандарттарға жауап береді: 18 үстелі бар ойын залы, 9 үстелі бар жаттығу залы, тренажерлер кешені, медициналық кабинет, душ бөлмесі, конференц-зал, кәсіби еден жабыны, жарықтандыру. Жалпы ауданы 4,5 мың шаршы метр аумақта республикалық, сондай-ақ (ITTF) Халықаралық үстел теннисі федерациясының турнирлерін, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге болады. Орталықта күн сайын 400 адам үстел теннисімен айналыса алады.

Жас, бірақ атақты спортшылар Алан Құрманғалиев және Жанерке Көшкімбаева Мемлекет басшысына отандық үстел теннисін қолдағаны және дамытқаны үшін алғыс айтып, естелік кәдесыйларын табыс етті.

Қазақстан Президенті бұқаралық спортты дамытудың, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықты қамтуды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтіп, орталықтың салауатты өмір салтын насихаттауға, өңірдегі үстел теннисін дамытуға және оны танымал етуге ықпал ететініне сенім білдірді.

- Жақсы сарай, барлық жағдай жасалған. Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазинге, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке, сіздердің тәлімгерлеріңіз - Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваға алғысымды білдіргім келеді. Балаларға жаңа жеңістер тілеймін. Болашақта міндетті түрде үлкен жеңістерге жетесіңдер деп ойлаймын. Неғұрлым көп жаттықсаңдар, соғұрлым үлкен жетістіктер болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жас спортшыларға.

Орталық құрылысын 1 млрд 950 млн теңгеге қаржыландыруды Қазақстан Республикасының үстел теннисі федерациясы жүзеге асырды.

Шахтерлер астанасында "Saryarka" үстел теннисі орталығының пайда болуы кездейсоқ емес. Қарағандылық ракетка шеберлері Қазақстанда сенімді және лайықты түрде көш бастап келеді. Өткен жылдың өзінде олар 16 халықаралық, 17 республикалық турнирлерге қатысып, 27 алтын, 26 күміс, 22 қола медаль жеңіп алды. Қарағандының өкілдерінен еліміздің ұлттық құрамасында - 7, жастар құрамасында - 2, жасөспірімдер құрамасында - 9 ойыншы бар. Зәуреш Ақашева әйелдер арасындағы республикалық теннисшілер рейтингісінде көш бастап тұр, ал Қазақстан Республикасының ең жас спорт шебері 13 жасар Алан Құрманғалиев 2019 жылы (ITTF) Халықаралық үстел теннисі федерациясымен "HopesWeek" әлемдік турнирінің үздік ойыншысы атанды.











Талап Қойбағаров