Алматыда үстел теннисінен "WTT Youth Contender Almaty" Халықаралық жасөспірімдер турнирі аяқталды

29.07.2023

25-28 шілде аралығында Алматы алғаш рет бес жас санатында үстел теннисінен "WTT Youth Contender Almaty" Халықаралық жасөспірімдер турнирін өткізді. Қазақстандық спортшылар 2 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Тұғырдың екінші сатысына 11 жасқа дейінгі санатта Арайлым Сапабек пен Дулат Ералхан көтерілді. Алан Құрманғалиев (U19), Айназ Әділгереева (U13), Орынбасар Есмахан (U13), Жания Бекмұхаметова (U11), Әкежан Ерланұлы (U11), Каролина Бондарь (U11), сондай-ақ тандем Алан Құрманғалиев/Сарвиноз Мирқадірова 19 жасқа дейінгі аралас жұптық разрядта қола медальдармен марапатталды.

"Міне, біздің WTT сериясындағы алғашқы жасөспірімдер турнирі аяқталды. Біз бұл бастама біздің елімізде дәстүрге айналады және ересектер арасындағы турнир сияқты жыл сайын өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Бұл тартысты төрт күн болды, Қазақстан командасы 9 медаль жеңіп алды. Өз ойындарымен бізді тек құраманың көшбасшылары ғана емес, сонымен қатар турнирдің ең кішкентай қатысушылары да қуантып, таң қалдырды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді табысты өнер көрсетулерімен құттықтағым келеді! Сондай-ақ, "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының бас демеушісіне турнирді ұйымдастыруға көмектескені және қолдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Біздің келесі ауқымды "WTT CONTENDER ALMATY" турниріне бір ай ғана қалды, оған қатысу үшін әлемнің үздік спортшылары, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері және әлемдік рейтинг көшбасшылары келеді. Біз жұмысты жалғастырамыз және жақын арада біздің әдемі Алматы қаласында қайта кездесеміз", - деді ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.

Турнир медальдары үшін әлемнің 13 елінен 159 спортшы бақ сынасты.

"Бүгін біз Қазақстандағы WTT сериясының бірінші жасөспірімдер турнирінің финалын атап өттік. Осы жарыстарды өткізу үшін кәсіпқойлардың үлкен командасы еңбек етті. Біз нәтижеге өте қуаныштымыз, Қазақстан федерациясы жылдан жылға жоғары ұйымдастырушылық деңгей мен кәсібилікті көрсетуді жалғастыруда. Енді біз Алматыда жылына екі рет кездесеміз, өйткені жасөспірімдер де ересектер турниріне қосылды. Осы бастаманы ұйымдастыруға қатысқандардың барлығына алғысымды білдіргім келеді", - деп бөлісті WTT жасөспірімдер турнирлер сериясының бас менеджері ТьягоВигас.

Турнирдің бас серіктестері "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, сондай-ақ "Sport Qory" туризм және спорт индустриясын қолдау қоры болды.

ҚР Үстел теннисі федерациясы Алматы қаласы әкімдігіне, "ADD Capital", "Kazakhmys", "Halyk Bank" демеушілеріне және "Qazsport" ақпараттық серіктесіне турнирді ұйымдастыруға көмектескендері үшін алғыс білдіреді.


Қазақстан Үстел теннисі федерациясының баспасөз қызметі