Жастардан тәлім аламыз

09.02.2018

Тараз қаласында үстел теннисінен өткен ел чемпионатында 140 спортшы өздерінің ойындарын жеке турнирде бастады. Мықты деген 16 ер және 16 әйел білікті ойыншыларға тағы 32 (16+16) спортшылар қосылып, жүлделі орындарға күресті бастады. Ерекше атап өтетін болсақ – жарыстың финалдық бөлігіне топ жарып шыққандардың ішінде, көбі жас спортшылар болып отыр. Ескендір Харки 14 жас, Сарвиноз Мірқадырова 13 жас, Тимофей Герасименко 13 жас, Алина Борисюк 15 жас, Анель Бахыт 14 жас, Сағынтай Құрмамбаев 14 жас, Екатерина Зубкова 15 жас, Ангелина Романовская 14 жас, Бақдәулет Әкімәли 16 жас, Озода Азатова 16 жас. Міне осылар өздерінің үлкен әріптестеріне нағыз жекпе-жекті көрсетті. Сонымен, (Оңтүстік-Қазақстан облысы) Алматы қаласы «Шаңырақ» спорт мектебінің оқушысы Сарвиноз Мірқадырова, 2017 жылғы ел чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылғы «ТОП-12» турнирінің чемпионы, Қазақстан құрамасының мүшесі Зәуреш Ақашеваны (Қарағанды облысы) жеңіп 32 финалистің ішінде 7 орынға ие болды. Сегізінші және тоғызыншы орындарға жас және болашағы мол Алина Борисюк (Қостанай облысы) және Анель Бахыт (Алматы, «Шаңырақ» спортмектебі) ие болды. Ерлер турнирінде 14 жасар Ескендір Харки (Жамбыл облысы, «Шаңырақ» спортмектебі) барлығын таң қалдырды. Өз жасына қарамастан шеберде жарқын ойын көрсетіп, Қазақстан теннисшілерінің мықты ондығына лайықты түрде енді. Жаттықтырушылар, төрешілер, үстел теннисінің жанкүйерлері чемпионаттың финалдық бөлігіне шыққан ойыншылардың құрамы жас спортшылармен толыққанына қарап шын жүректен қуануда. Қазақстанда жақсы жастар өсіп келеді. Биылғы жылы олар әзірше медальсыз, алайда келесі жылы не болады екен.

Жеке есеп финалистері де анықталды. 10 ақпанда алтынға елдің экс-чемпиондары Тимур Кельбұғанов (Алматы) пен Денис Жолудев таласпақ. Бірінші рет финалға Айя Әлімбаева (Алматы) мен Анастасия Лаврова (Астана) шықты. Егерде финалға шығатын ерлер командасының құрамы алдын ала белгілі болса, әйелдер жағы баяғысынша жағымды тосын сый жасады. Наталья Сладкова (Қарағанды), Әсемгүл Өтепова (Павлодар), Александр Герасименко (Астана) және Эрик Райтер (Қарағанды) қола жүлделерге ие болды. Бүгін жұптық және аралас разрядтарда жарыс басталды.





Талап Қойбағаров, Тараз қ.