Нұр-Сұлтанда үстел теннисінің жаңа Орталығы салынады

13.07.2022

Нұр-Сұлтанда жалпы ауданы 3190 шаршы метр болатын үстел теннисі орталығының құрылысы басталды, ол ең үздік әлемдік стандарттарға сай келеді: 16 үстелі бар ойын залы, амортизациялайтын ішкі жүйесі бар кәсіби еден жабыны, тренажер залы және 300 орындық көрермендер трибунасы. Сондай-ақ, мұнда конференц-зал, медициналық кабинет, жуынатын бөлме, жаттықтырушы және төрешілер бөлмелері, саунамен жабдықталған шешіну бөлмелері, ракеткаларды бақылау бөлмелері, спорттық киім-кешек және мүкәммал дүкені, әкімшілік блок болады. Елордалық орталықта үстел теннисінің республикалық және (ITTF) Халықаралық Федерациясының турнирлері, жақын және алыс шетелдердің қатысуымен оқу-жаттығу жиындары өткізілетін болады.

Айта кету керек, Орталық елорданың ең спорттық аудандарының бірінде - "Барыс-Арена" көпсалалы кешенінің жанында, "Астана-Арена" футбол стадионы мен "Алау" мұз сарайының арасында орналасады. Кешен дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халықты қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді, салауатты өмір салтын насихаттауға, қалада үстел теннисін дамытуға және танымал етуге ықпал ететін болады.

Орталық құрылысының басты инвесторы - Қазақстан Республикасы үстел теннисі Федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.

Айта кетейік, соңғы бірнеше жылда елімізде 20-дан астам үстел теннисі бөлімі мен 15 арнайы зал ашылды. Федерацияның серіктестерімен бірге Қазақстанның түрлі өңірлерінде үстел теннисі орталықтары салынды. Мәселен, 2020 жылы Қарағанды үстел теннисі сарайы - "Saryarka" - орталығының ашылуы өтті, ол Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да алғашқы орталықтардың бірі болды. Бір жылдан кейін Павлодардағы "Jenimpaz" спорт кешені және Тараз қаласындағы үстел теннисі мен көркем гимнастика орталығы жұмысқа кірісті. 2022 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда "ADD" үстел теннисі орталығының салтанатты ашылуына қатысты. Сәуір айында Өскемендегі спорт нысаны да жұмысқа кірісті. Айта кетейік, жыл соңына дейін Шымкент пен Ақтөбеде осындай спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарланған.