Массимо Костантини: "Біз техниканы түзетеміз, жаңа әдістерді зерделейміз"

01.11.2022

Алматы "ADD" үстел теннисі орталығында Иран, Қырғызстан, Малайзия, Ливан, Таиланд, Түрікменстан, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қазақстанның жас және дарынды спортшыларына арналған "2022 Asia Hopes Week&Challenge" оқу-жаттығу жиыны басталды. Алты күн ішінде барлық ОЖЖ қатысушылары халықаралық сарапшы Массимо Костантинидің (Италия) жетекшілігімен техниканы түзетеді, жаңа әдістерді, ойын мәнерлерін зерделейді және іріктеу турнирін өткізеді, олардың жеңімпаздары "ITTF World Hopes Weekand Challenge" әлемдік турниріне алты жолдама алады (үшеуі ұлдарда, үшеуі қыздарда). Біздің елімізден "2022 Asia Hopes Week&Challenge" - турниріне Марлен Жұмағұл (Түркістан), Айназ Әділгереева (Алматы), Мансұр Сүйіндік (Орал), Томирис Қосар (Шымкент), Табиғат Шәріпхан (Талдықорған), Айкөркем Батырова (Орал) қатысады. Қазақстандықтарға сәттілік!

Талап Қойбағаров