Данияр Әбілғазин Азия үстел теннисі Одағының атқарушы комитетінің отырысына қатысты

31.03.2022

2022 жылғы 29-30 наурыз аралығында Доха қаласында (Катар) (ATTU) Азия үстел теннисі Одағының Атқарушы комитетінің отырысы өтті, оған ATTU Орталық Азия бойынша өңірлік вице-президенті, Қазақстан Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин қатысты.

Отырыс барысында Атқарушы комитет қатысушыларының қызметі туралы есептер тыңдалды, олардың арасында Орталық Азиядағы жұмыс туралы есеп болды, онда Қазақстанда үстел теннисінің жаңа орталықтарының құрылысы атап өтілді. Алматы қаласындағы орталық базасында қазақстандық үстел теннисі федерациясы биыл Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қазақстандық ұлдар мен қыздарға арналған тегін өңірлік жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр.

Ұйымның қаржылық мәселелері, Азия құрлығының аумағындағы турнирлердің алдын ала күнтізбесі талқыланды, сондай-ақ "Sport 5" хабар тарату компаниясымен ықтималды ынтымақтастық туралы таныстыру рәсімі өткізілді. Отырыстың маңызды сәті (ITTF) Халықаралық үстел теннисі Федерациясы мен (ATTU) Азия үстел теннисі Одағының бас келісіміне қол қоюы болды.

Бұдан басқа, Данияр Әбілғазин Азия одағының президенті Халил Әл-Моханнадимен жеке кездесу өткізді, оның барысында WTT (World Table Tennis): WTT Star Contender Almaty және жасөспірімдер WTT Youth Contender Almaty екі халықаралық турнирлерін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, оларды 2022 жылғы қыркүйек-қазан айларында Алматы қаласында өткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта осы турнирлерді жыл сайынғы негізде өткізуді жалғастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, Катарда Қазақстан Үстел теннисі федерациясының Президентіне 2021 жылғы қыркүйекте Қарағанды қаласында өткен "2021 ITTF Kazakhstan International Open" халықаралық турнирін табысты ұйымдастырғаны үшін естелік марапат табыс етілді.