Астанада Қазақстан Республикасы үстел теннис Федерациясының есептік баспасөз конференциясы өтті

28.12.2022

27 желтоқсанда Астанада "ADD TABLE TENNIS CENTER ASTANA" үстел теннисі орталығында Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының есептік баспасөз конференциясы өтті.

Осы іс-шара аясында Федерация 2022 жылы атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Сондай-ақ салтанатты жағдайда, Тунисте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қол жеткізген жетістіктері үшін ҚР құрама командасының мүшесі Алан Құрманғалиев және бас жаттықтырушы Эльмира Әлиеваны марапаттау рәсімі өтті.

Спикерлер ретінде ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин, Қазақстан Ұлттық Олимпиада Комитеті спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов, ҚР Үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пак, ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Эльмира Әлиева, ҚР құрама командасының мүшелері Алан Құрманғалиев, Зәуреш Ақашева және Сарвиноз Мирқадірова сөз сөйледі.

"Ел өңірлерінде спортты дамыту мақсатында Федерация үстел теннисі орталықтары мен арнайы залдарын ашу, БЖСМ-де үстел теннисі бөлімдері мен секцияларын ашу, жаттықтырушылар мен спорт төрешілерінің біліктілігін арттыру, балалар мен жасөспірімдер спортын және бұқаралық спортты дамыту жұмыстарын жүргізді.

Бүкіл Федерация үшін маңызды оқиға әлемнің 28 елінен 140 спортшы қатысқан "WTT CONTENDER ALMATY" халықаралық рейтингтік турнирін өткізу болды. Жарыс аяқталғаннан кейін ITTF Халықаралық Федерациясы турнирді ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалағанын атап өткім келеді. Енді мұндай жарыстар тұрақты негізде өткізілетін болады.

Біздің спортшылардың нәтижелері де сәтті болды. Алан Құрманғалиев Тунистегі жастар арасындағы әлем чемпионатында аралас жұптық разрядта алтын медаль және жеке есепте қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. 2022 жылы Қазақстан құрама командаларының өкілдері халықаралық турнирлерде барлығы 26 марапатқа ие болды", - деді ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.

"Мен әлем чемпионатында осындай нәтижеге қол жеткізгеніме қуаныштымын, бұл менің мансабыма одан әрі оң әсер етеді. Біздің тиімді жаттығуларымыз үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Сондықтан дайындық ең жоғары деңгейде болды. Біздің мақсаттар мен міндеттерді іске асырудағы берілген мүмкіндіктер үшін Федерациямызға алғысымды білдіремін", - деді Алан Құрманғалиев.

Тунисте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында көрсеткен жоғары спорттық жетістіктері үшін ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин ақшалай сыйлықтарды табыс етті: А. Құрманғалиевке 20 мың АҚШ доллары сомасына және бас жаттықтырушы Э. Әлиеваға 10 мың доллар сомасына.