0:7 болып жатып, 11:8 болып өзгерді

28.01.2023

Шымкентте үстел теннисінен "Shymkent Cup" ашық республикалық турнирі өтуде және жұма күні ерлер мен әйелдер арасында чемпиондар, жүлдегерлер анықталды. Жеке разрядта Дастан Кенжеғұловтың (Алматы) Иван Никулинге (Санкт-Петербург) қарсы матчы финалдың сәні болды. Шешуші бесінші партияда Дастан 7:0 есебімен алға шықты және оның алтын медаль жеңіп алатынына ешкім күмән келтірмеді, алайда 2022 жылғы Ресей Спартакиадасының командалық есептегі чемпионы, жеке есептегі күміс жүлдегер, ел чемпионатының қола жүлдегері - Иван есеп айырысуды қысқартты, қарсыласын қуып жетті, оны айналып өтіп, 11:8 есебімен жеңіске жетті. Керемет ойын.

Иван Никулин: "Финалдық ойын көрермендерге ұнады. Ойын есебі 0:7 болсада мен берілмедім, соңына дейін шайқастым. Мұндай жағдайлар менде бұрын болған: Өткен жылдың тамыз айында Ресей Спартакиадасының командалық турнирінің финалдық матчында мен елдің төрт дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Шибаевтан шешуші партияда 1:7 есебімен ұтылып жаттым, бірақ кездесу барысын өз пайдама бұрып, Санкт-Петербург құрамасының құрамында алтын медаль жеңіп алдым".

Ерлер, жеке разряд:

1 орын Иван Никулин (Санкт-Петербург);

2 орын Дастан Кенжеғұлов (Алматы);

3 орын Айдос Кенжеғұлов (Алматы).

Әйелдер, жеке разряд:

1 орын Зәуреш Ақашева (Қарағанды);

2 орын Сарвиноз Мирқадырова (Шымкент);

3 орын Гузель Торшаева (Алматы).

Ерлер, жұптық разряд:

1 орын Денис Жолудев / Иван Никулин (Өскемен / Санкт-Петербург);

2 орын Ырысбек Артықметов / Ескендір Харки (Шымкент / Масаншы);

3 орын Санжар Жұбанов / Сағантай Құрмамбаев (Алматы / Өскемен).

Әйелдер, жұптық разряд:

1 орын Сарвиноз Мирқадырова / Анель Бақыт (Шымкент);

2 орын Зәуреш Ақашева / Арай Ашкеева (Қарағанды );

3 орын Айя Әлімбаева / Гузель Торшаева (Алматы).

"Shymkent Cup" жалғасуда, медальдар үшін күреске ұлдар мен қыздар кіріседі.


Талап Қойбағаров